Меню сайта


Форма входа


Друзья сайта


Приветствую Вас, Гость · RSS 11.07.2025, 09:29
Главная » 2010 » Сентябрь » 01 » «АнаныҢ ақ жаулығы – отауының ақ жалауы»
10:22
«АнаныҢ ақ жаулығы – отауының ақ жалауы»
«АнаныҢ ақ жаулығы – отауының ақ жалауы» 
01.09.2010 06:20 

Мәрзия ТҰРЛЫХАНОВА, көп балалы ана, ұстаз: 

– Мәрзия апай, сіздің өміріңізде ана мен әкенің рөлі қандай?
– Әкемнің аты – Айтбай, шешемнің аты – Орынжан. Ата-анамыздан көп бала тараған. Ең үлкен ағамыз Рахметолла 1942 жылы соғыста қаза тапты. Қыздардың бірталайын қызылша, шешек сынды ауру жалмады. Бұл үлкен індет әр үйден екі-үш баладан алып кетті. Бір күнде бірнеше баланың сүйегі қатар шығатын. Менен кейін туылған Нәдия, Әтия деген екі сіңлім болған. Біреуі – бесте, біреуі – үште. Сол үшеуімізге қызылша қатар шығып, мен, әйтеуір, құдай қолдап аман қа-лыппын. Ал, сіңлілерім бірінен соң бірі осы шешектен көз жұмды. Әке-шешем қайғыдан бүгіліп қалды. Шешемнің шиде жатқан екеуінің жансыз денесіне қарап «Бойларын қарашы, қалай ұзарып кеткен, екеуінен бір­дей айырылып қалғаным-ай...» деп жылағаны әлі есімде. Тіпті, көп жылағаннан бір көзі
көрмей қалды. Ал, ұлдары болмағандықтан, мені ата-анам ұлша киіндіріп өсірді. Шашымды тақырлап алып тастайды. Киетінім – мақтадан сырып тіккен күпәйке. Аяғымда – етік, бұтымда – сырма шалбар. Кәдімгі ауылдың кішкентай ұлдарындай боп жүрдім. Әкем қайда барса да мені жанынан тастамайтын. Дастарқанға әкемізден кейін отыратынбыз. Ол кісі тамақтан дәм татқаннан кейін біз де ауыз тие бастаймыз. Әкем не айтса сол болады. Алғашқы ұстазым әкем болды. Мен мектепке ерте бардым. Ол кезде алты жастан оқыту деген жоқ. Әкем бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Сабаққа дайындалып жоспарын жазғанда, дәптер тексергенде ешнәрсе түсінбесем де жанында қарап отырам. Ауылда бастауыш мектепте екі сыныптың балаларын қатар оқытты. Бес жарым жасымда мектепке әкеммен бірге барып, ең соңғы партаға отырамын. Осылайша, әкемнен ұстаз болуды үйрендім. Әкем менің мұғалімдікке деген қызығушы­лығымды оятты. Кейін мен Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түстім. 
– Көп балалы аналардың мемлекеттік қызметті қатар алып жүруі оңай емес шығар. Сізге екі міндетті қоса атқару ауыр болған жоқ па?
– Қыз бала боп дүниеге келгеннен кейін оның міндеті – бой жетіп, қосағыңды тауып, ары қарай сол барған шаңырағыңның ұрпағын көбейту. Ал мен ана болдым, енді үй шаруасынан басқа жұмыстың бәрін тоқтатайын деу дұрыс емес. Өмірге әкелген пер­зенттердің келешегін ойлап, оларды оқыту, тәрбиелеу де ананың парызы. Сондықтан да жұмыс істеу қажет. Әрине, ана болумен қатар алдыңғы шепте жұмыс істеп, балаларына үлгі беретіндей еңбек еткен дұрыс. Осы екеуін қатар алып жүрмін деп сеніммен айта аламын. 1989 жылы қалада арнайы мамандандырылған мектеп ашып, республиканың түкпір-түкпірінен дарынды балаларды жинап, оларға аз да болса көмегімді тигізгім келді. Ағарту саласында 53 жыл атқарған қызметімнің нәтижесін көрсететін оқу ордасына шәкірттерімнің келешегі жарқын болсын деген мақсатпен «Болашақ» деп ат қойдым. Кейбір құрдастарым «жасың болса келді, мектеп ашу оңай емес» деп жатады. Бірақ, маған мектеп өмірі өте қызық. Мектепке келіп балаларды көрсем өзімнің қартайып қалғанымды ұмытқандай боламын. Ал, үйде отырғанда не бітірмекпін? Аллаға шүкір, келіндерім мен немерелерім бар, шаруаны өздері тын­дырады. Жастай еңбек етіп үйренгендіктен қол қусырып қарап отырғанды жөн санамаймын. Жасымның жетпіске келгеніне қарамастан ұстаздық қызмет атқарғаным балаларыма, немере-шөберелеріме, әріптестеріме үлгі. Біз бәсекелестік туралы көп сөз қозғаймыз. Бәсекеге түсе білу керек. 
– Ежелден-ақ аналарымыз бен апаларымыз ер-азаматын пір тұтып, сыйлай білген. Бүгінде қыздар мен келіншектер арасында осы үрдіс қалай жалғасып отыр деп ойлайсыз?
– Иә, біздің аналарымыз ерін бәрінен жоғары санаған. Әйел адам азаматынан үлгі алып, соның айтқанына ұйып, әрқашан қолдап отыруы керек. Балалардың әкелері келмей оларды дастарқанға отырғызбаймын. Баланың әкеге деген құрметін ана қалыптастырады. Кейде балалардың кішкене қателігі болса әкесінен жасырып қоямыз. Баланың қателігін әкесінен жасырмаған дұрыс. Жайымен айтып, жеңілдетіп түсіндіруге тырысу керек. Ертең ұлдар әке болғанда сол жағдай алдарынан шығады.
– Келіндеріңізбен арақатынасыңыз қалай? 
– Мен келіндеріммен жеке отырып сырласып, ақылымды айтамын. Бірге отырып шүйіркелесіп шай ішетін кездеріміз жиі болады. Олардың да ұл-қыздары өсіп келе жатыр. Қазақы тәрбиені қайдан алсын, кейбіреулері орысша оқыған. Онда тұрған түк те жоқ. Ол да біреудің алақанға салып өсірген баласы. Сол қыздар бұрын көрмеген басқа отбасына келді. Оның сол жерге сіңіп үйренісіп кетуі енеге де байланысты. Менің алты келінім бар. Алтауы да өз қызым сияқты. Кейде қыздарыма айтпағанды келіндеріме айтуға тура келеді. Қыз жат жұртқа жаралғаннан кейін оның мазасын алғым келмейді. Өзінің барған шаңырағында сүйкімді болып, сол үйдің отын жағып, намысын қорғап, ұрпағын өсірсін. Жақсы жерден шыққан, жақсы тәрбие алған деген сөзді есту үшін өзі еңбек сіңірсін. Қыздың төркіншіл болғанын ұнатпаймын. Төркінге келудің де өз уақыты, жөні болады. Ана-анасының үйіне бару үшін ата мен енеден, күйеуінен рұқсат сұрау керек. Кейде замандастарым «алты келіннің тілін қалай табасың?» деп таң қалады. Тілін табу үшін мен оларға жалынбаймын, ұрыспаймын. Тек ақылмен түсіндіремін. Қысқасы, келіннің барған жеріне сіңіп кетуі енесінің берген тәрбиесіне де байланысты. Олардың кемшілігін түзегіңіз келсе, білімділік пен мәдениетті ұштастыра отырып түсіндіру керек. Мәдениеті жоғары адам білімді, парасатты, сұлу көрінеді. Адам болғаннан кейін бір-біріне ренжімей тұрмайды. Ондай жағдайда кек сақтауға болмайды. Қолма-қол татуласқан жөн. Адамның ашуы торғын орамалдың кепкенімен бірдей болу керек. Өзіміз де жас келін боп түстік. Ешкім туа салып ақылды боп кетпейді. Шаңырағымызға келген туған-туыстар келінімізге разы боп жатса одан артық не керек? Осындай жарасымды отбасының келешегі зор. Осы үрдісті балалар ары қарай жалғастырады. 
– Ананың ақ сүті деген де қасиетті ұғым бар...
– Менің сегіз ұл, екі қызым бар. Өмірдің өз қызығы мен қиындығы мол ғой. Бірақ, баланың қызығын көру деген ерекше бақыт. Мен Алла тағала қанша бала берсе, соншасын өмірге әкелдім. Ұстаз бола жүріп мен ана бола білдім. Барлық қиындыққа шыдадым. Балаларым расында да есейе келе бір-біріне көмектесті. Біз таң атқаннан кеш батқанға дейін мектепте жүрдік. Ол кезде жұмыстан сұрану, сылтау айтып тайқып кету деген мүлде жоқ болатын. 
Ұлдарыма дән ризамын. Әрбір мерекеде үлкен шаңырақ деп шоқ-шоқ гүлдерін алып біздің үйге келеді. Күнде хабарласып жағдайымды біліп отырады. Жас кезімдегі еңбегімді ақтап жүр. Еңбекке баланы жастайынан үйреткен дұрыс екен. Мен сабақтан да, жиналыстан да қалған емеспін. Көп балалы екенімді алға тартпадым. Себебі, ана баланы өзі үшін туады. Балалар менің жұмыс істеуіме кедергі болған жоқ. Отағасы екеуміз таза еңбекақымызбен, аздаған малымызбен бала-шағамызды бақтық. Ал, демалыс күндері дәмділеп ас әзірлеп дастарқанды жаямыз. Мұның өзі бір мереке сияқты болатын. Осының бәрін бас қосқанда балаларым еске түсіріп айтып отырады. Ал, немеренің үлкені Рахат Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған «Асыл әжем» де­ген әнді маған сыйға тартты. Бірде мынадай қызық оқиға болды. Бірінші қыркүйекте он бес шақты бала мектептің алдына жиналып қалыпты. Мектеп жасындағы балаларға ұқсамайды. Қолдарында гүлдері бар. Бұлар неге келген деп таңдандым. Сөйтіп, олардың әрқайсысымен амандасып, беттерінен сүйіп, есімдерін сұрасам, бәрінің аты Дәулет екен. Қазақтың дәстүрі бойынша палуан болсын деп ырымдап қойыпты. Ішім елжіреп, «Айналайын, Дәулетім-ай, сенің арқаңда осындай сый-құрметке ие болдым!» деп толқыдым.
– Жастардан қандай үміт күтесіз?
– Біздің жастарымыздың қолынан келмейтіні жоқ. Олардың ішінен спортшы да, білімді де, өнер иесі де шығып жатыр. Шетелдерде өтіп жатқан жарыстарда спортшыларымыз бірінен бірі өтіп, қазақтың қоржынына алтын медальдар салуда. Тіпті қыздар зілдей ауыр темірді көтеріп еліне абырой әкеліп отыр. Математика, химия сынды негізгі пәндерден олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп жатқан да осы жастар. Шетелде білім алып жатқан небір жас ғалымдар бар. Соның бәрі Қазақстанға жақсы атақ әперіп жүр. Ал, жас келіндерге айтарым, қазақтың келін деген қасиетті атына кір келтірмеңдер. Басындағы ақ жаулығы отауының ақ жалауы болып желбіресін. Қандай қиындық көрсе де оны төмен түсіруге болмайды. Ұлттың болашағы – аналар көбейе берсін! 
– Әдемілігіңіздің сыры неде?
– Әдемілікке келетін болсақ, мен ұл бала сияқты тәрбиеленгендіктен жылтырақтарға көп қызықпаймын. Ал, бетіме опа-далап, иісмай дегенді жаққан адам емеспін. Бірде қызым қолына, бетіне крем жағып отыр екен. Қарасам, терісі тегіс, жұмсақ боп шыға келді. Менің де бетіме жағып берді. Ертесінде ұйқыдан тұрсам, бетім мен қолым талаурап ісіп кетіпті. Дәрігерге хабарласып мән-жайды айтсам, кремнен аллергия берген екен. Сөйтіп, бір ай бойы дәрі ектіріп, беті-қолымның терісі қабыршақтанып түсіп әрең құтылдым. Өмірде бір рет жаққан иісмайдың нәтижесі осы болды. Жалпы жаратқан сыйға тартқан табиғи сұлулыққа ештеңе жетпейді екен. 
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан 
Елгүл Нұғманова
http://zan.zanmedia.kz/
Просмотров: 17325 | Добавил: aqzhaulyq | Теги: архив | Рейтинг: 1.0/10
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Конструктор сайтовuCoz